7 мамырда Өскемен қаласының соты Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы алтын өндіретін фабриканың жұмысына наразылық білдірген Өскемен тұрғыны Тоқтасын Нәбиевті 6 күн әкімшілік қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде бейсенбіде Азаттыққа белсенді Талғат Исин хабарлады.
– Ауылымыздың тумасы алтын фабрикасының жарылыстары қауіпті деген пікірі үшін ұсталды. Жергілікті халық жарылғыш заттар ауыл көшелерімен тасылатын болса қауіпті ғой деп алаңдайды. Былтыр Өскемен – Самар тасжолында жарылғыш зат тасыған жүк көлігі жарылып кетті. Ондай жағдай ауыл ішінде қайталанбасына кім кепіл? Әлгіндей жарылыс болғаны қауіпсіздігімізге кепіл жоқ екенін көрсетеді, – деді Талғат Исин.
Тоқтасын Нәбиевке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру тәртібін бұзу" деген бабы бойынша айып тағылған. Сот қаулысында ол Маралды ауылының тұрғындары мен тумалары отыратын WhatsApp желісіндегі чатта жұртты "заңсыз митингіге шақырған" деп жазылған. "Ол халықты фабрика басына барып, кәсіпорын жұмысын тоқтатуға үндеген" деген кінә тағылған. Судья айыпталушының кінәсін ортақ топтағы жазбалары анық дәлелдейді деген ұйғарым шығарды.
Нәбиевті 7 мамырда полиция үйінен алып кеткен. Өзі сол сәтте түсірген видеосында тағылған айыпқа келіспейтінін, фабриканың жарылыс жұмыстары туған ауылына қатер төндіреді деп алаңдайтынын айтқан. WhatsApp желісіндегі хатын "бейбіт сипатқа ие", "ешкімді зорлық-зомбылыққа немесе құқыққа қарсы іс-әрекетке үндемейді" деп атаған. Кейін Қазақстанның құқық қорғау ұйымдарына жазған хатында өзінің "пікір білдіру еркіндігі бұзылып отырғанын", "істің саяси астары барын" келтірген.
Ресми Астана елде ешкім ой-пікіріне я саяси көзқарасына бола қудаланбайды дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ШҚО билігі Маралдыдағы алтын фабрикасы іске қосылғанын хабарладыШығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы 2024 жылғы 26 қарашада іске қосылған. Жергілікті халық оның салынуына екі жылдан астам уақыт қарсылық танытты, алтын өндірісі ашылса да зауыт жұмысын тоқтатсын деген талапарын жергілікті әкімдікке айтуды доғармады.
– Қарсы болып келе жатқанымызға үш жылдан асты. Фабрика астынан бұлақ шығады, зираттарды күреп тастады, басқа да заңсыздық көп. Дәлелдерімізді полицияға ұсынсақ та көз жұма қарайды, – деді Талғат Исин.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тергеу, тінту, қамау. Маралды халқының алтын фабрикасына қарсы күресіАуыл тұрғындары фабриканың алтынды топырақтан цианид қоспасымен ажыратуы қоршаған ортаға қауіпті деп есептейді. Сонымен бірге жарылыс жұмыстары аң-құсты үркітіп, ауылдағы ара шаруашылығына да кері әсер етеді дейді. Тәуелсіз экологтар да зауыт жобасының мінсіз іске асатынына күмән келтіріп, цианид қоспасы көктемгі қар суымен және жерасты суымен араласып, өзенді улайды деген.
Фабрика халықтың алаңдаушылығынан кейін жобаға қосымша өзгеріс енгізілді, цианид суын топыраққа өткізбейтін қабат екі есе қалыңдатылды деп мәлімдеген. Сонымен бірге жобада кәсіпорын экологияға зиян келтірмейді деп көрсетілген. Маралды халқы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше мәрте үндеу жолдап, жағдайды келіп көруін сұраған. Тоқаев жұрттың арыз-өтінішіне тікелей жауап берген жоқ. Облыс әкімі кен барлау мен фабрика құрылысы "заң аясынан шыққан емес" деген пікір айтқан.