9 мамырда Мәскеудегі Қызыл алаңда Екінші Дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына арналған парад өтті. Шеруде сөз сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыс жайлы көп сөз айтпады. 80 жыл бұрынғы соғысқа арнаған қысқа баяндамасында ол қазіргі соғысқа қарата "арнайы әскери операциямызды Ресей халқы түгел қолдайды" деп қана атап өтті.
Батыс пен Украинаны "Ұлы Отан соғысы тарихын бұрмалағысы келеді" деп үнемі айыптайтын Путин сөзінде бұл тақырыпқа көп тоқтамады, бірақ "қанішерлерді ақтап, шын жеңімпаздарды қаралайтын бұрмалауға жол бермейіз" деді.
Путин "жеңісті жақындатқан Еуропа майданын мәңгі есімізде сақтаймыз" деп, одақтастары мен Қытай халқына да алғыс айтты.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин биылғы парадтың ең басты қонағы болды. Шеру кезінде Путин екеуі иық тіресе, қатар отырды. Екеуінің оңы мен солына екі ардагерді отырғызып, өзге президенттерді солардан кейін жайғастырды.
Путин, Си Цзиньпин және Орталық Азия елдерінің басшылары парадта тұр. Мәскеу. 9 мамыр 2025 жыл.
Мәскеудегі парадқа 29 мемлекеттен ресми өкіл барған. Олардың қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Сербия басшысы Александр Вучич, Словакия премьері Роберт Фицо, Венесуэла президенті Николас Мадуро бар.
Мәскеу уақытымен таңғы сағат 10-да басталған Қызыл алаңдағы әскери парад бас-аяғы екі сағатқа созылды. Шеруге Ресейдің 10 мың әскериі қатысты. Олардың – мың жарымы Украинадағы соғыста болғандар. Бұған қоса, 13 елдің әскерилері де Қызыл алаңнан жүріп өтті. Олардың қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Қытай, Вьетнам, Египет, Моңғолия, Мьянма әскерилері бар.
Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь әскерилері Мәскеудегі шеруде. 9 мамыр 2025 жыл.
Украинадағы соғыста Ресейге көмектесіп жатқан Солтүстік Корея әскерилері парадқа қатысқан жоқ, бірақ Пхеньяннан келген жоғарғы шенді әскерилер құрметті қонақтар арасында отырды.
Парадтың соңын әскери ұшақтар түйіндеді. Одан соң Путин бастап қонақтар белгісіз солдат қабірі деп аталатын монументке гүл қойды.
Тоқаев Мәскеуде жүргенде Ақорда сайты оның Қазақстан халқын Жеңістің 80 жылдығымен құттықтауын жариялады. Мәтін түріндегі құттықтауда "фашизмге қарсы сұрапыл соғыс орасан қайғы-қасірет әкелді, батырлар есімін әрдайым ұлықтаймыз" деп жазылған.
"Біз отандастарымыздың қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Жанқиярлық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімін әрдайым ұлықтаймыз. Ардагерлерімізге қамқорлық жасап, қолдау білдіреміз. Қазақстанда Жеңіс күніне орай көптеген іс-шара өткізіліп жатыр. Еліміз бойынша бес жүзге жуық көшені қаһарман ерлеріміздің атымен атау туралы шешім қабылданды. Ауқымды әскери шеру өтті. Мұның бәрі зұлмат соғыстың зардабын халқымыз ешқашан жадынан шығармауы үшін қажет" дейді Тоқаев құттықтауында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеудегі парад алдында 5 нәрсеге назар аударыңызҚазақстан басшысы Мәскеудегі әскери парадқа бір күн бұрын жетті. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол кеше бірнеше елдің президентімен жеке кездескен. Тоқаев алдымен Вэнесуэла президенті Николас Мадурамен, кейін Мьянманың әскери билігіндегі премьер-министр Мин Аун Хлайнмен, Сербия президенті Александр Вучичпен келіссөз жүргізген.
Тоқаев 7 мамырда Астанадағы әскери парадқа қатысып, 8 мамырда "Отан Ана" монументіне гүл қойып, майдангерлер рухына тағзым еткен. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғысқа Совет империясының құрамдас бөлігі ретінде қатысқан. Майданға ел аумағынан 1 млн 200 кейде 300 мың адам аттанғаны, оның жартысына жуығы қаза тапқаны айтылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Агрессияның жегі құрты дендеген шақта" Астанада әскери шеру өтті