Үндістан қарулы күштері 7 мамырға ауған түні Пәкістан мен Кашмирдің Пәкістан бақылауындағы бөлігіне ракетамен соққы жасады. Дели Пәкістанның "террористік инфрақұрылымдарына" шабуыл жасалды дейді.
Үндістан қорғаныс министрлігі бұл операциясын 22 сәуірдегі шабуылға жауап деді.
22 сәуірде Кашмирдің Үндістан бақылауындағы бөлігіндегі Байсаран алқабында үндістандық туристерге шабуыл жасалып, 26 адам қаза тапқан. Үндістан шабуылды "террорлық әрекет" деп атап, Пәкістанды айыптаған. Бірақ Исламабад шабуылға қатысымыз жоқ деген. Ал туристерге шабуыл жасаған үш адам Пәкістан азаматы екені айтылған. Осы оқиғадан соң екі елдің арасы суып, соғыс басталуы мүмкін екені айтыла бастаған.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Үндістанның 7 мамырдағы "жиіркенішті агрессия әрекеті" деп атады. Артынша бұл елдің де әскерилері Кашмирдің Үндістан бақылауындағы аймағына соққы жасады.
Кашмир аймағында жүрген үндістандық әскерилер. 7 мамыр 2025 жыл.
Бұған қоса, Пәкістан Үндістанның бес әуе ұшағын құлатқанын айтты. Бірақ Дели бұл мәлімдемеге жауап берген жоқ.
Пәкістан әскериі шабуылдан кемі 26 адам қаза тауып, 46 адам жараланғанын айтады. Ал Дели тарабы Кашмирдің Үндістан бақылауындағы аймағында кемі 7 адам қаза болды дейді.
Исламабадтың мәліметінше, Кашмирдің Пәкістан бақылауындағы аймағындағы Музаффарабад және Колти қаласы, Пенджаб провинциясындағы Бахавалпур қаласы зардап шеккен.
Кашмирдің Үндістан бақылауындағы аймақта жараланған әйелді ауруханаға әкелген сәт. 7 мамыр 2025 жыл.
Пәкістан қорғаныс министрі Хаваджа Асиф GeoTV арнасына берген сұхбатында шабуыл бейбіт тұрғындар ауданына жасалды деп, Үндістанның "террористік лагерьлер нысанаға алынды" деген сөзін жоққа шығарды.
Ал Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди туристерге шабуыл жасағандар "жерге кіріп кетсе де табамыз" деді.
Үндістан мен Пәкістан Кашмир аймағын өзінің жері деп санайды. Қазір Кашмирдің жартысын Пәкістан, жартысын Үндістан бақылайды. Аймақтың біраз бөлігі Қытайда.